Айтайын жарапазан елімізге!!!
Айтайын жарапазан елімізге!!!

Ассалаумағалейкум Мұсылман қауым, ораза айт қабыл болсын! Айлардың сұлтаны-Рамазан айында қылған амалдарыңыз, жасаған құлшылықтарыңызды Алла қабыл етсін!

Жарапазан — қазақ даласында ислам діні берік орын тепкеннен кейін пайда болған тұрмыс-салт жырларының бір түрі. Ол ел арасында ораза ұсталатын рамазан айында айтылады. Кешкілік ауыз ашар кезінде ауылдың өлең айтуға бейімі бар жастары жиылып, әр үйдің тұсына келіп Жарапазан айтады. Оны ешкім ерсі санамайтын болған, қайта үйден шама-шарықтарына қарай сыйлық алып шығып, Жарапазаншыларды риза етіп жіберетін болған. Жарапазан мәтіні айтыла-айтыла әбден қалыптасқан жаттанды шумақтардан құрылады. Мазмұны жағынан оны шартты түрде үш бөлікке бөлуге болады. Ең алдымен, Жарапазаншы үйді, үй иесін мадақтаудан бастайды. Одан ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Соңы бата берумен аяқталады. Әрине, айтушы өзінің қабілет-қарымына орай, жаттанды мәтіннің қаңқасын бұзбай өз ойынан да шумақтар қосып айта береді. Үй иесінің көрсеткен құрмет-сыйына қарай оның жомарттығын, шүлендігін марапаттап, алғыс-тілек те айтады. Кейде көңілден шықпағандарды қуақы тілмен келекелеп, әзіл-қалжыңға да айналдыратын сәттер болады. Жарапазанды жоқ-жітік замандарда дүние табу кәсібіне айналдырғандар да болған. Дегенмен, Жарапазанның негізгі мақсаты — ораза айында ел көңілін көтере жүріп, ислам дінін насихаттау, жұртты шариғатқа, иманға ұйыту, береке-бірлікке, ізгілікке шақырудан туған. Оған, әсіресе, жастар мен балалар белсенді ат салыса жүріп, өздері де үлгі-өнеге алған. Кеңестік дәуірдегі шектеулердің салдарынан ұмытыла бастаған Жарапазан ислам дінінің жандануына байланысты қайтадан салтқа еніп келеді.  А.Байтұрсыновтың «...ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдiң тұсында тұрып жарапазан өлеңiн айтады», – деп жазуы да осының дәлелi. Жарапазан айту салты көпшiлiк жерлерде, бүгiнге дейiн сақталған, елдiң кейбiр түкпiрлерiнде бүгiнге дейiн бар және оларды айтушылар негiзiнен балалар болған.
Құдайғай тәуба, еліміз тәуелсіздік алғалы «өшкеніміз жанып, жоғалтқанымыз табылып» ата салтымызға, дінімізге, ділімізге оралып жатырмыз.
Әу бастан ислам діні қазақтың тұтас тұрмысымен, салт-дәстүрімен біте қайнасып кеткені сонша, қазақтың ауыз әдебиетінің тұрмыс- салт жырларының бір бөлімі болып жарапазан қалыптасты.
Ел ішіндегі діни білімі бар жыршылар Алланы мадақтап, мұсылманның бес парызының бірі боп табылатын оразаның маңызын, басқа да мұсылмандық шарттарды жырмен кестелеп жеткізіп отырған. Міне, бұл-жарапазан деп аталады.
Жарапазан көшпенді қазақ халқында белгілі деңгейде дінді кеңінен дәріптеуде, бала-шағаны жастайынан құлағына шариғат қағидаттарын үйретуде үлкен рөл атқарған.
Түн ортасынан сәресі ішкенге дейін киіз үйдің жабығынан, там үйдің терезесінен келіп алдымен жарапазан желдірмесін, сосын жарапазан сөзін, сосын жарапазан батасын айтады. Жарапазан желдірмесі басында негізінен үй иесін ұйқыдан оятып, келесі жарапазан сөзіне дайындаса, жарапазан сөзінде негізінен барлық негізгі дін тақырыбы қозғалады. Ал, жарапазан батасында сол отбасына разылық бата беріледі. Жарапазан айтқан жарапазаншыға үй иесі оянып, беліне ақтық байлап, дәм ұсынып, разы қылып шығарып салған. Жарапазанды үлкендерден үйренген ауыл балалары да жаттап алып, топтасып кешке ел орынға отырған шақта ауыл аралап жарапазан айтқан.
Ұмытылып бара жатқан осы салтымызды еске ала отырып, бала кезімізден естіп өскен жарапазанның бір нұсқасын жолдап отырмыз…
Жарапазан желдірмесі:
Үйің үйің үй екен,
Үйдің көркі ши екен.
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен.
Ақтөбедей көрінген,
Қандай байдың үйі екен !
………………………………
………………………………….
Сосын жарапазан сөзіне келіп жетеді.

Айтайын айт дегенде жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман!

Ассалаумағаликұм, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.
Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!

Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған,
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.

Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.
Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.

Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.

Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.

Біреуі бес намаздың таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,¬
Терісі шұбар киіктен-жайнамазы.

Біреуі бес намаздың бесін біл тек,
Аллаға оқыдым деп қылма міндет.
Аллаға оқыдым деп қылсаң міндет,
Алдыңда дайын тұрар екі жендет.

Біреуі бес намаздың екінтіні,
Үстінен жалғыз қылдың секіртеді.
Қылмысың ол дүниеге жақпай барсаң,
Барғанда ахиретте өкіртеді.

Біреуі бес намаздың ақшам намаз,
Қойыңдай алдыңдағы бақсаң намаз.
Намазды әр уақыт қылсаң қаза,
Тартасың ахиретте өзің жаза.

Біреуі бес намаздың Жашихты,
Білген адам тартады тәспиықты.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда періштелер бас иіпті.

Мұхаммед үмбеті айтқан жарапазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
(әр шумақтан кейін қайырма қайталанады.)

Жарапазан сөзінен кейін жарапазан батасына келіп жетеді.

Үйіңіздің артында шатыр болсын,
Балаңыздың үлкені батыр болсын.
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен,
Балаңның батырлығы татыр болсын!

Айтайын жарапазан есігіңе,
Ұл берсін қошқардай ғып бесігіңе.
Ұл берсе қошақардай ғып бесігіңе,
Береді Аалла бірге нәсібін ед.

Айтайын жарапазан есігіңе,
Қыз берсін құндыздай ғып бесігіңе.
қыз берсе құндыздайғып бесігіңе,
Береді Aлла бірге нәсібін де.
Аллаху әкбар,
-деп бет сипайды.

Амалхан ТөлебекАмалхан Төлебек
1 год назад 859
1 комментарий
О блоге
0
16258 49 141 1273 74