ЖАЗ АЙЫНДА ОРАЗА ТҰТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ
ЖАЗ АЙЫНДА ОРАЗА ТҰТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

ЖАЗ АЙЫНДА ОРАЗА ТҰТУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

ﺑﺴﻢﺍﻟﻠﻪ ﺍﻟﺮّﺣﻤﻦ ﺍﻟﺮّﺣﻴﻢ

ﺍﻟﺤﻤﺪﻟﻠﻪ ﺭﺏﺍﻟﻌﺎﻟﻤﻴﻦ ﻭﺍﻟﺼﻼﺓﻭﺍﻟﺴﻼﻡﻋﻠﻲ ﺭﺳﻮﻟﻨﺎ ﻣﺤﻤﺪ ﻭﻋﻠﻲﺍﻟﻪ ﻭﺻﺤﺒﻪ ﺍﺟﻤﻌﻴﻦ

Алла қаласа, санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Қасиетті айдың биыл шіліңгір шілдеге дөп келгені себепті, көптеген мұсылмандар бұл айда күннің тым ыстық екенін алға тартып, ораза тұтудан тартынады.

Иншә Алла, осындай күмән мен қиындықтан қорыққан жүректерге күш беріп, өзгелерге де Алла Тағаланың шексіз мейірімінен үміт берер деген оймен, Хафиз Ибн Рәжәб әл-Ханбалидің (рахимахуллаһ) «Лата’ифул-Ма’ариф» кітабынан жаз уақытында ораза тұтудың артықшылығы жайында баяндалған үзіндіні ұсынамыз ( 272-273 бет):

«Сауабы ерекше артық берілетін құлшылықтардың қатарына – күннің ыстығына қарамастан, жаз уақытында ораза ұстау жатады,. Сол үшін Му’аз ибн Жәбәл (радиаллаһу әнһ) өлім ауызында жатқанда:

«Aлдыңғы мұсылмандар секілді күндіздің ыстығының қиыншылығын енді көре алмайтын болдым» деп өкінген еді. Тағы бір хабарларда, Әбу Бәкірдің (радиаллаһу әнһ) жаз уақытында ауыз бекітіп, қыс мезгілінде ораза тұтпағандығы жайында келеді. Сондай-ақ, мүміндердің әміршісі Омар ибн Хаттабқа (радиаллаһу әнһ) өлім сәті жақындағанда, баласы Абдуллаға «радиаллаһу әнһумә) былай деп өсиет еткен еді:

«Иман негіздерін толық меңгеруге тырыс», әрі ең бірінші айтқаны «жаздың қатты ыстық кезінде ораза ұстаушылардан бол!»

Әл-Қасим ибн Мухаммад мүминдердің анасы Айша анамыздың (радиаллаһу әнһә) қатты ыстық күні ораза ұстағаны туралы риуаят жектізеді. Ол кісіден Айша анамыздың неге бұлай жасайтындығы жайлы сұрағанда, “Ол тірі күндерінің пайдасын ажал сәті тумай тұрып алған еді” деп жауап берді. Кейбір тақуа әйелдер ораза тұтуға қатты ыстық күндерді таңдайтын еді. Оның себебін “Егер оның құны арзан болғанда, әркім оған қол жеткізе алушы еді» деп түсіндіретін. Яғни, олардың (әйелдердің) мақсаты кез келген адамның шамасы жете бермейтін амалдарды орындау арқылы Алланың алдында өздерінің шынайы ықыластарын көрсету еді .

Әйгілі сахаба Әбу Муса әл-Әшғари (радиаллаһу әнһ) кемеде келе жатқан уақытында, бір кісінің «Әй, жолаушылар, орындарыңнан тұрыңдар!» деп айқалағанын естиді. Сонда әбу Муса әлгі кісіге тіл қатып:

«Қалай біз орнымыздан тұра аламыз? Біздің қазір қайда екендігімізді, хәліміздің мүшкіл екенін көріп тұрған жоқсың ба?» — дейді. Сонда әлгі айқалап тұрған адам:

«Олай болса, сіздерге Алланың Өзіне қатысты қандай ереже бекіткендігі жөнінде айтайын: «Егер кімде-кім күннің ыстық шағында, Алла разылығы үшін шөлдегендерден болса, Қиямет күнінің ыстық кезінде Алладан оның шөлін қандыруын сұрауға хақылы» деген екен. Сол уақыттан бастап, әбу Муса әрдайым ораза ұстауға сондай ыстық күндерді іздейтін болатын. Тіпті, күннің ыстығынан адам өзін қайнаған қазанда болғандай сезетін күндерде ол ауыз бекітуші еді.

Қағб айтады: «Алла Тағала Мұсаға (ғалайһиссәләм) былай деген: «Егер кімде-кім Мен үшін ыстық күндері шөлдің қиыншылығын көретін болса, Қияметте Мен оның шөлін қандыруыма уәде беремін». Сондай-ақ, Інжіл кітабында «Өздерін аштықпен ұстағандар үшін Қиямет күні қуанышты хабарлар болсын, олар үшін бұл күнде аштық болмайды және шөлдегендерге де Қиямет Күні қуанышты хабарлар болсын, бұл күні олар шөлдемейді» делінген».

әл-Хасан айтады: «Аллаға жақын болған құлы жәннатта балдан болған теңіздің жағасында хор қызбен жатқанында, хор қызы оған шарап толы кесені ұсынып, кейін сұрайды екен: «Сіз білесіз бе, Алланың мені сізге қай күні үйлендіргенін? Алла жаздың ұзақ және ыстық күні сіздің шөлдеп, таңдайыңыз қатып, ерніңіз кезерген халде ораза ұстап жүргеніңізді көріп, періштелерін шақырып айтты: «Менің құлыма қараңдар! Ол өзінің әйелін және барлық ләззат атаулыны, сусын мен тамағын Менде болған нәрселер үшін тастап қойды. Куә болыңдар, Мен оны кешірдім. Сол күні Ол сізді кешіріп, мені сізге үйлендірді» деп жауап береді.»

Амр ибн Абд Қайс Басрадан Шамға барған уақытында Муғауия (радиаллаһу әнһ) оған «не керек екендігін сұраңдар» деп қызметшілерін жібереді. Бірақ, ол өзіне ештеңе қажет еместігін айтады. Бірақ Муғауия бірнеше рет сұратқандықтан оған былай деп жауап береді:

«Маған бар керегі, ауыз бекіткен шағымда қиындық сезіну үшін Басраның ыстығын біздің жаққа жіберсеңіздер, өйткені, мына өлкеде ораза ұстау тым жеңіл».

Бірде әл-Хаджаж Мекке мен Мединаның арасына сапарға шығады. Кешкі асын шығарып бір бәдәуиді (дала арабы) ас ішуге шықырады. Сонда әлгі бәдәуи:

«Мені сенен де абзал болған асқа шақырды, мен оны қабылдадым» деді. «Ол кім?» деп сұрағанда, «ол – Алла» деді. «Ол мені ораза ұстауға шақырды, мен оны қабыл еттім. ». әл-Хаджаж таң қалып: «Мынадай ыстық күнде ме?» деп сұрағанда, «Иә. Себебі, алдымызда бұдан да ыстық күн бар.» деп жауап береді. Сонда әл-Хаджаж: «Олай болса, қазір тамақтанып, ертең ораза ұста» дегенде, әлгі адам: «Егер ертеңге дейін өмір сүруіме кепілдік берсең ғана», дейді. Әл-Хаджаж «Бұл менің қалауымдағы нәрсе емес» деп жауап қатады. Сонда әлгі бәдәуи: «Ендеше болашақта сенің қолыңда болмайтын нәрсені, қалайша қазір сұрайсың?» деп жауап берген екен.

Ардақты сахаба Абдулла ибн Омар (радиаллаһу әнһумә) бірде өзінің сахабаларымен сапарға шыққан уақытында, қой бағып жүрген бір қойшыны кездестіреді. Оны асқа шақырғанда, әлгі қойшы «Мен оразамын» деп бас тартады. Ибн Омар (радиаллаһу әнһумә): «Сен мынадай шөптер мен қойлардың арасында жүре тұра ораза ұстадың ба?» депсұрайды. Сонда әлгі қойшы: «Мен өмірімнің қалған күндерін жақсылыққа пайдаланып қалғым келеді» дейді. Бұл жауапқа таңырқаған ол: «Қойларынның біреуін маған сат. Қашан сен оразаңды ашқанда етін пісіріп береміз және оның ақшасын да төлейміз» дейді. «Қойлар менікі емес, олар менің қожайынымдікі» деп жауап қайтарады қойшы. Абдулла ибн Омар (радиаллаһу әнһумә): «Ал, қожайыныңа қойларды қасқыр жеп кетті деп айтсаң қайтеді» деп сұрады. Сонда қойшы саусағын аспанға көтеріп, «Алла оған не дейді?» сұрады. Ибн Омар (радиаллаһу әнһумә) сол сөзді қайталай берді, қайталай берді. Кейін қалаға жеткен соң қойшының қожайынына барып, қойларын және қойшыны сатып алды да, қойларды әлгі қойшыға сыйға ұсынды.

Рух бин Зинба ыстық күндердің бірінде, Мекке мен Мединенің арасында сапарға шығады. Жолай қой бағып жүрген қойшыны кездестіріп, оны асқа шақырады. Бірақ, қойшы «Мен оразамын» деп, астан бас тартады. Рух бин Зинба «Сен мынадай ыстық күнде ораза тұттың ба?» деп сұрайды. Әлгі қойшы «Қалайша күндерімді бос өткіземін» деп жауап береді. Сонда ол «Рух бин Зинба өз уақытын бос өткізгенде, сен күндерінді даналықпен өткізген екенсің» дейді.

Абдулла ибн Омар (радиаллаһу әнһумә) әрдайым қосымша ораза ұстайтын еді. Есінен тануға шақ қалса да, оразасын бұзбайтын. Имам Ахмад (рахимахуллаһ) та оразасын міне-міне ашып жіберемін ғой дегенге дейін ұстайтын.Бірақ бетін сумен шайып оразасын жалғастыратын. Одан ыстық күндері ораза ұстау жайлы сұрағанда: «Бетті сумен жуып, өзіңдегі ыстықты басуда тұрған еш нәрсе жоқ» деп жауап беретін. Себебі, Пайғамбарымыз да (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстаған уақытында басына су құйып тұратын.

Әбу Дарда былай дейді: «Қиямет келмей тұрып ыстық күндері ораза тұтыңдар және қабірдің қараңғылығы келмей тұрып, түннің қараңғылығында екі рәкәт намаз оқындар!»

Екі Сахих кітабында мынадай риуаят келеді: «Кейбір сапарларда күн сондай ыстық болатын. Күннің ыссылығы соншалықты, адамдар шыдай алмағаннан бастарын қолдарымен жабатын. Сол күндері тек Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мен Абдулла ибн Руахадан (радиаллаһу әнһ) басқасы ораза ұстамаған еді». Муслимнен келген риуаятта Әбу Дарда (радиаллаһу әнһ): «Бұл Рамазан айы еді» деген.

Алланың разылығы үшін ыстық күндері сабырлық танытып ораза ұстаған құлдарын Алла Тағала жәннатқа «әр-Раййан» атты есіктен кіргізеді. Ол есіктен кіргендер сондай сусыннан ішеді, ол сусынды ішкен адам ешқашан шөлдемейді. Кейін бұл есіктен ораза ұстағандар толық кіргеннен кейін, қақпалары жабылады да, оған кейінгілердің біреуі де кіре алмайды …»

Аса Мейірімді Алла Тағаладан бізге қасиетті Рамазан айында сауапты амалдарды жиі жасауды, сондай-ақ, бұл айда жасаған құлшылықтарымызды қабыл етуін, әрі Өзінің жаз уақытында күннің ыстығына қарамастан, Алланың игі істеріне асыққан құлдарына дайындаған үлкен әжір-сауаптарын нәсіп етуін жалбарына сұраймыз. Әмин.

HANAFI.KZ

Амалхан ТөлебекАмалхан Төлебек
1 год назад 978
1 комментарий
  • Бəрінен бұрын ыстық күнде ораза ұстаудың сауабын айтсаңшы. Ораза қабыл болсын!
    1 год назад
О блоге
0
16258 49 141 1273 74