ӨМІРДІҢ ҮЗІК СЫРЛАРЫ...
ӨМІРДІҢ ҮЗІК СЫРЛАРЫ...

 ***

Есігіне «Травматолог Нұрлан Артықбаев» деп жазылған бөлмеге Міржақып асыға бас сұқты. Кіреберістегі медбике жөн сілтеген кезекші дәрігердің орнында екенін көргенде, құтқарушысы алдынан шыққандай қуанды. Бөлмедегі бимағұлым дәрінің иісі де көмек көрсетердей көңілге жағымды сезіледі. Дәрігер диванда бір аяғын түсіріп, бұрыштағы теледидарға көз салып, қалғып жатқан секілді. Міржақып қасына таяп сәлем бергенде, ол тым баяу мойын бұрды. Жанұшырып, асығып келген адамға бұл да бір кедергі құсап кетті. «Тез-тез» дегендей жиілей соққан жүрегімен жарыса сөйледі: – Дәрігер, бауырым, мерекелік алаңда бір баланы мәшинеммен қағып кеттім... Тезірек қарап жіберіңізші?!

Дәрігер тіптен асықпай созалаңдай басын көтеріп, шүйдесіне ауған ақкөк телпегін түзей отырып, Міржақыпқа тектей, тесіле көз салып: – Неғып қақтың? - деді. Көзінде мысқыл ойнайтын тәрізді. Міржақыптың жүрегі мұздап: – Ағеке, шын мәнінде баланың өзі велосипедпен келіп соғылып, мәшинеден ары асып жығылды... Сыртында еш жарақат жоқ.... Бірақ, алғашында есінен танып қалды... Қазір ішім қатты ауырады деп жатыр... Сіздердің емхана жақын тұрған соң өзім алып келдім...

Дәрігердің өңінде еш өзгеріс байқалмады. Ештеңеге де саспайтын секілді. Сонсоң манағы мысқылды жанарымен Міржақыпқа көз тастап: – Жігітім, – деді: – Бұл ақылы бөлім, тез ақша тауып әкел! Ақыры кінәлі өзің екенсің!

Міржақыптың арқасынан неге екені белгісіз сұп-суық тер бұрқ етті.
– Ағеке, ақша тауып әкелгенше, қарай беріңізші?

Дәрігердің мысқылды көзінен енді кенет сұп-суық қырау шашырағандай көрінді.

– Жо...жоқ! Әкелем, өйтем-бүйтем деп со қалпы кетесіңдер. Әкелмейінше ештеңе болмайды. Операция да жасалуы мүмкін... Оған да ақша керек!

Міржақып мәшинесімен екі-үш көшеден кейін тұрған Мұратбаевтағы таныс ломбардқа қарай зулады. Сағатына көз тастады. Бала соғылған кез таңғы 9 сағат 35 минут болатын. Емханаға келгенде 9:45 еді. Міне енді 10-ға 5 минут кем. Міржақып ломбардтағы Диана деген таныс экономист қыздың көмегімен жаңалау «маздасын» кепілдікке қойып, алған ақшаларын қолына қыса ұстап емханаға қарай құстай ұшты. Самайынан тері сорғалап, ентіге дем алып, бағанағы кезекші дәрігердің бөлмесіне жүгіріп кірді. Дәрігер ұйықтап кеткен екен, жеңіл қорылы естіледі. Ол тықырдан селк етіп, сергек оянды. Қызарып кеткен көзін Міржақыпқа сүзіп: «Әкелдің бе?», - деді. 

Міржақыптың «иә» деген сөзі айтылар-айтылмаста, таңғаларлық шапшаңдықпен «кеттік, онда!» деп қолын уқалап есікке жалт бұрылды. Дәрігер екеуі маңдайшасындағы әйнекке «Жедел операция бөлімі» деп жазылған үлкен қос есікке жеткенде үстіндегі төртбұрышты сағат тілі 10:35-ті көрсетіп тұр екен. Есіктің тұтқасына қолын соза бергенде, өңі аппақ қудай болған медбике асыға алдан шықты:

– Нұрлан аға! Таңертең мәшинеге соғылып әкелінген бала қан құсып жатыр!..

Нұрлан:

– Міне, қазір соған бара жатырмыз...

Міржақып дәрігердің соңын ала жеделдей палатаға кірген сәтте, Нұрланның:

– Аслан! – деп ышқына шыққан даусынан селк ете түсті. Ол сүріне-қабына төсекте езуінен қанды көбік сорғалап, боп-боз болып кірпігі әзер қимылдап жатқан баланың аяғын құша барып жығылды. Орнынан қайта тұрды. Міржақып бір сәтте дәрігердің түрі адам танымастай өзгергенін көріп шошып кетті. Көзі шарасынан шыққан, тістері ақсиып, өңі өліктей ақсұрланған. Қисайған езуінен:

– Мынау менің жалғыз ұлым ғой, ойбай!!! – деген сөзі адамның төбе шашын тік тұрғызардай қорқынышты шықты. Қан лоқсып жатқан 7-8 жасар шамасындағы ұлдың өңіне сәл күлкі үйірілгендей:

– Әке-е-е...- деген әлсіз үн естілді. Көрші бөлімнен асыға басып келген әйел дәрігер балаға үңілер-үңілмес:

– Тез операция үстеліне! Ішіне қан кетіп жатыр! – деп медбикеге бұйырды. Қарбалас басталды. Бір кезде баланың аяғының тамырына жалғанған системаның үздіксіз құйылып тұрған тамшылары бір-екі рет баяулап барып, кілт тоқтады. Әкесіне сүзіле қарап жатқан пісте мұрын ұлдың жанары бір нүктеге қадалған қалпы кірпік қақпай қалды. 

Міржақыптың төбесінен біреу қойып қалғандай көзі қарауытып, теңселіп барып еденге отыра кетті. Қолындағы сығымдай ұстаған ақшалары шашылып, бала жатқан төсектің астына қарай сырғып бара жатты.
 
***

Өсиет!!!

Бір бай өлер уақытында ұлын шақырып алып:
- Ұлым, мен өлген соң жұма сайын қыз алып, қала сайын үй сал. Ас жесең, бал же, - деп өсиет айтыпты.
Бай дүниеден өтіп, ұлы атасының өсиетін орындай бастайды: жұма сайын қыз алып, қала сайын үй салады. Ас ішсе, бал ішіп, ақшасын бітіреді. Сөйтіп, жігіт далаға шығып біраз жүріп, бір үйілген тастың тасасына отырып, бөркін қолына алып, басын ұстап отырған уақытта, бір жақтан бір шал келіп жігітке сәлем береді. Жігіт сәлемін алған соң, ол адам жанына отырады да, жігітке:
- Неғып отырсың? - дейді.
Жігіт:
- Жәй отырмын, - деп жауап береді.
Шал:
- Шыныңды айт! - деп қыса бастайды.
Жігіт еш нәрсе айтпайды. Шал:
- Сырыңды жасырма! Мен саған жақсылық көрсетемін,- дейді
Жігіт:
- Менің атам бай адам еді, сол атамның өлер алдында айтқан өсиетін орындаймын деп, кедей болдым, - дейді.
Шал:
- Қандай өсиет айтып еді? - дейді.
Жігіт:
- Әуелгі өсиеті: «Мен өлген соң жұма сайын қыз ал», - деп еді, мен атамның сол өсиетін тұтып, жұма сайын қыз алдым. Екінші өсиеті: «Қала сайын үй сал», - деп еді. Мен қала сайын үй салдым. Үшінші өсиеті: «Ас ішсең, бал же», - деп еді. Мен бұл өсиетін де орындап, әр күні бал жедім. Солай етіп, үш жылда барлық ақшам таусылды, - дейді.
Шал тұрып жігітке:
- Сен атаңның өсиетін ұқпаған екенсің, өйткені атаңның: «Жұма сайын қыз ал», - дегені: «Әйеліңмен сыйлас бол, қадіріңді кетірме. Сонда ғұмыр бойы тату-тәтті өмір сүресің» - дегені. «Қала сайын үй сал» - дегені: «Қала сайын достарың болсын, барғанда түсетін» дегені еді. «Ас ішсең, бал же» - дегені: «Еңбек істеп, ас ішсең, балдан тәтті болады» - дегені еді, - деп, қарт өз жөніне кетіпті. Жігіт әкесінің терең мағыналы өсиетіне сонда ғана түсініпті.

***

Жақсылықтардың басы – аштық!

Хадис шәрифте: «Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық» делінген. Тамақтың ләззаты аштықтың көптігіне қарай артады. Тоқтық адамды ұмытшақ қылады. Көңілді соқыр етеді. Спиртті ішімдіктер секілді қанды бұзады. Аштық ақылды тазалайды, көңілді нұрландырады.

Хадис шәрифте: «Адамның жүрегі – егістіктегі егін сияқты. Жеген тамағы – жаңбыр сияқты. Артық су егінді шірітіп жіберетініндей, артық тамақ та көңілді өлтіреді.» делінген. Тағы бір хадис шәрифте былай делінген: «Көп жеп, көп ішкен адамды Аллаһу та’ала жақсы көрмейді.» Көп тамақ жеу – аурулардың басы. Аз жеу (диета) – шипаның басы.

Асқазанның үштен бірін жейтін нәрселерге, үштен бірін ішетін нәрселерге ажырату керек. Қалған үштен бірін ауаға ажырату, яғни бос қалдыру ең төменгі дәреже болып саналады. Ең жақсы дәреже – аз жеу және аз ұйықтау.

***

Әбу Ханифаның шешесі бірде оған өтініш жасап, бір мәселенің жауабын ғалым Омар ибн Зәррден сұрап келші деп жұмсайды. Айтқан кісісі алты шақырымдай алыста тұратын. Әбу Ханифа анасының айтқанын екі етпестен дереу әлгі кісіге барады. Шешесінің өтінішін жеткізеді. Алайда ғалым ол жауапты білмейтіндігін айтып, арланбастан жауабын Әбу Ханифаның өзінен сұрайды. Әбу Ханифа ол жауапты білетін еді, айтып берді. Таңырқаған Омар ибн Зәрр: “Өзіңіз де біледі екенсіз, маған несіне келіп әуре болдыңыз?” – деп сұрайды. Сонда Әбу Ханифа: “Шешемнің ауызынан шыққан өтінішін сол күйі орындау – менің міндетім“, – дейді.

Амалхан ТөлебекАмалхан Төлебек
2 года назад 988
1 комментарий
  • Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық.
    2 года назад
О блоге
0
16258 49 141 1273 74