Алғаш рет ораза ұстаушыға 15 пайдалы кеңес
Алғаш рет ораза ұстаушыға 15 пайдалы кеңес

Әне, Рамазан айы қол бұлғап шақырып тұр! Ал сіз биыл ең алғаш рет ораза ұстамақсыз. Санаңызды сансыз сауалдар билеп, қобалжу, қорқу, сенімсіздік сезімдері тыным берер емес. 

«Алда ыстық күндер, бір күн, бір апта емес, отыз күн бойы тамақсыз, сусыз қалай өмір сүруге болады?» – әсіресе, осы сұрақ жиі ойға оралады. Екінші жағынан, Аллаға ұнамды амал жасап, сауап алғыңыз келеді. Ендеше, бұл тығырықтан қалай шығуға болады? Оразаңызға достарыңыз, отбасыңыз, әріптестеріңіз қалай қарайды?

  1. Ең үлкен жұбаныш – бұл оразаны сізге дейін миллион адамның ұстағандығын ұмытпаңыз және Алла қаласа, сізден кейін де миллиондаған адам жалғастырады. Және олардың бәрі де бұл айды өте жақсы нәтижемен өткерді. Алдыңызда қандайда бір қиындық шықса, мұны сіз ғана көріп тұрсыз деген сөз емес. Бұл тығырықтарға көптеген адам тап болды және шешімін тапты.
  2. Алла Тағала құдси хадисте: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Менің разалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, ішімдіктерден және жыныстық қатынастан бас тартты» дейді (Бұхари, Муслим).  Яғни, оразаның құндылықтарын, Алла арасындағы дәрежесі туралы толығырақ білуге асығыңыз, жиі еске алыңыз. Бұл сіздің оразаға деген құлшынысыңызды арттырады. «Биыл ұстамай-ақ қояйын, келесі жыл бар ғой» деген секілді ой келсе қуылған шайтаннан Аллаға сыйыныңыз (Әғузу билләһи минәш-шайтонир-ражим»). Себебі, адамды құлшылықтан тосу, азғыру – лағынеті шайтанның ісі.
  3. «Биыл ораза ең ұзақ мерзімге түсіп тұр, әй шыдай алмаймын-ау» деген ой маза бермей жатыр ма? Ғалымдар адамның қарнында өз денесін 2 тәуілік бойы алып жүруге жеткілікті деңгейде тамақ болатынын дәлелдеген екен. Осы тұста "онда неге адамның қарны ашады?" деген заңды сұрақ туады. Расында, неге? Естеріңіз де ме? Әлгі итке жасалған тәжірибе бар еді ғой. Күніге бір кәнденге жүйелі түрде бір уақытта тамақ беріледі. Бірде иттің тамағын тесіп, ішіне түтік салады да, күніге дәл сол уақытта беретін тамақты әкелмей қояды. Сол кезде ит тыпыршып, мазасыздана бастайды. Ал әлгі түтіктен сөл тамшылайды. Яғни адам белгілі деңгейде бір уақытта жүйелі түрде тамақтанып үйреніп қалғандықтан қарны аш болмаса да, асқазанына сөл бөлініп, ол миға қарнының ашқандығы туралы жалған ақпарат береді екен. Демек адам ашығып бара жатқандықтан емес, ең әуелі жүйелі келетін тамақтың келмей қалғандығынан қиналады. Ең бастысы «тамақ ішуім керек еді» деген ой аштыққа шыдатпайды екен. Есіңізде болсын! Алла тағала адамға шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді!
  4. Ораза тұтпауға өзіңді алдап, түрлі себеп-сылтау тауып алуға болады. Мысалы, «кешке дейін жұмыста отырамын, аш болсам, басым істемей қалады» деген сылтаулар бар. Кофе ішіп, маңдайың жіпсіп отырғанда да басың істемейтін уақыттар болады. Он сағат ұйықтап тұрсаң да, миың мең-зең болып жүретін кездер болады.  Сылтау бітпейді ғой, ал келесі оразаға аман жетеміз бе, жоқ па, оны Алла біледі.

 

5. Бірнеше жыл бойы Рамазан оразасын ұстап жүрген білімді, салиқалы кісілермен сұхбат құрыңыз. Кеңес сұраңыз. Тіпті, оразаны бір рет қана және биыл бірінші рет тұтқалы отырған адамдармен де пікір алысыңыз.

6. Ислам – сіздің, біздің ойымыздан, көңіл қалауымыздан тұрмайды. Бұл әлемдердің Раббысының діні болғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін Иесі ғана шешеді. Бізге ұнамаған нәрсе дін бойынша дұрыс деген сөз емес. Құлшылық Аллаға ұнамды ма, ұнамсыз ба деген сауалдың жауабы арқылы анықталады: «Алланың тура жолынсыз көңіл құмарлығына ергеннен өткен адасушы бар ма?» («Қасас» сүресі, 50-аят), «(Ей, Мұхаммед!) Содан кейін сені істе (дінде) шариғат жолына салдық. Енді соған ер және білмейтіндердің көңіл құмарлығына ерме» («Жәсия» сүресі, 18-аят). Сол себепті, дерек көздері көрсетілген, сенімді кітаптардан оразаны дұрыс тұтудың жолдарымен танысыңыз, мешіт имамына барып, кеңес сұраңыз.

7.     Нашар әдеттеріңізді тастауға бел буыңыз. Ғайбат, өсек-өтірік айту секілді нашар қасиеттерді біртіндеп жеңуге тырысыңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза кезінде кім өтірік айтуын және өтірікті амалға асыруын тоқтатпайтын болса, ондай адамның тамағы мен сусынынан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ» (Бұхари). «Сендерден біреу ораза болған күні жаман сөздер айтпасын, даусын көтермесін. Ал, егер біреу оны балағаттаса, немесе төбелескісі келсе ондайға: «Расында, мен оразамын!», - десін» деген (Бұхари, Муслим). Және тамақ пен сусыннан бас тартып, күнәдан алыстамаған адамға: «Бәлкім ораза ұстаушы өзінің оразасынан тек аштық пен шөлді ғана алар» деген екен. Бұл – асқазанның ғана емес, ойдың, көздің, тілдің, құлақтың оразасы.  

8.     Күн тәртібіңізді біртіндеп өзгерте бастаңыз. Бұл айда күн тәртібіңіз күрт өзгереді. Тамақты басқа уақытта ішіп, ерте оянасыз. Асқазаныңызды таңертең едәуір тамақ жеуге үйретіңіз. Ерте тұруды әдетке айналдырыңыз. Бұрын соңды дүниелік шаруаларыңыз көп болса, рухани жаттығуларға орын босату керек болады. Теледидар мен ғаламторда отырудың сүюшілерден болсаңыз, осы бастан шекара қоя біліңіз.

9.     Ауру-сырқаттарыңыз болса, дәрігерге қаралыңыз. Қажетті ем-домды қабылдаңыз. Алла Тағала бекіткен құлшылықтар адам баласына қиындық тудыруды мақсат етпейді. Оразаның денсаулығыңызға орын толтыра алмастай зарарын тигізбейтіндігіне көз жеткізіңіз. Ал егер айтарлықтай қауіп жоқ болса, Аллаға тәуекел етіңіз. Бәлкім осы құлшылығыңыз сырқаттан айығуыңызға себеп болар.

10.           Темекі шегетін болсаңыз, Рамазан бұл әдепсіздіктен арылуға көмектесетін ұлы мүмкіндік. Осы бастан әрекет жасаңыз. Үнемі сағыз шайнаушылардан болсаңыз, мұныңызды да жайына қалдырғаныңыз абзал.

11.           Шарапатты шағбан айында нәпіл оразалардың санын көбейтіңіз. Шағбандағы ораза – Рамазанның қасында парыздармен бірге оқылатын сүннет намаз секілді, яғни, Рамазанның кіріспесі деуге келеді. Бұл айдағы оразалар парыз оразаға нәпсіні, денені, ниетті дайындайды әрі оны жеңілдетеді. Сүннетте келгендей дүйсенбі мен бейсенбі оразаларын жіберіп алмаңыздар.

12.           Намазыңызға бекем болыңыз. Нәпіл намаздарыңызды, түнгі намаздарыңызды жиілете бастаңыз.  Әлі де бес уақыт намазды толықтыра алмай жүрсеңіз, сауаптар еселенетін Рамазаннан кейінге қалдырмаңыз. Сонда сіз намазыңызбен, оразаңызбен Аллаға жақындап, көл-көсір сауапқа кенелмексіз. Шағбанда ара-тұра кешкісін (ер адамдарға) мешітке бас сұғуды ұмытпаңыз. Себебі, кейін жамағат намазға, тарауық намазға  дағдылануыңыз оңайға соғады.

13.           Күн сайын Құранды қолға алыңыз. Тәжуидті меңгермеген болсаңыз да, мағыналық аудармасына көз жүгіртіңіз. Айтпақшы, неге осы айдан тәжуидті үйренбеске? «Асыл арна» телеарнасы ұсынатын жаңа жоба сізге 20 күннің ішінде Құран оқып үйренуге мүмкіндік береді. Әрбір әрпі үшін он сауап беріліп, сауаптар еселенетін ұлы Кітапты оқу расында керемет!

14.   Арнайы дұғаларды жаттаңыз. Рамазан – дұға айы. Ауыз ашар сәтте айтылған дұғалар қайтарылмайды. Дәл сол сәтте, кітап іздеп кетпес үшін, Құран мен сүннетте келетін дұғаларды жаттай беріңіз. Ауыз ашарда айтылатын дұғаны да жаттауды ұмытпаңыз.

15.           Отбасы мүшелеріне, әріптестер мен достарға оразаға деген ниетіңізді айттыңыз. Алайда, қарсы келушілердің болатындығына дайын болыңыз. Әдетте, жанашыр адамдар сіздің денсаулығыңызды, аптапты ыстықта қиналатындығыңызды ойлап қарсы келіп жатады. Алайда, сіз барынша сабыр сақтап, оразының қасиеттерін, негізгі мақсатын және оның денсаулыққа пайдасын жеткізіңіз. Бір кездері өзіңіз де дәл солай ойлап едіңіз ғой... Енді оларға түсіндіретін кезек келіп жетті!

Мейірімді Жаратушымызды ұстаған оразамызды қабыл етіп, күнәларымызды кешірсін! 

asylarna.kz сайтынан алынған.

Амалхан ТөлебекАмалхан Төлебек
9 лет назад 10897
2 комментария
  • темекіні тастау қиын-ау
    9 лет назад
  • Өз басым ораза айында намазға жығылғанмын. Оразада оқып бастаған соң ба еш қиындық болмады. Оразаның өзінің қасиеті бар. Алла ораза айындағы жақсы амалдарымыздың қиыншылықсыз орындалуына көмектеседі.
    9 лет назад
О блоге
0
16258 49 141 1273 74
Прямой эфир